Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заң мен тәртіп: Алматыда ҚАЖД қызметкерлері жастарға арналған телекөпір өткізді

Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" идеологиясын насихаттау мақсатында жастар арасында онлайн кездесулер ұйымдастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлері Қазақ Ұлттық университетінің, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінің студенттерімен және №198 мектеп гимназиясының оқушыларымен телекөпір форматында кездесу өткізді.

Телекөпір барысында №11 мекемесіндегі кәмелетке толмаған сотталғандар өздері жасаған құқық бұзушылықтары туралы айтып, жастарды заңсыз әрекеттерге бармауға, бостандықтың қадірін түсінуге шақырды және өз қателіктеріне өкініш білдірді.

Кездесуге Алматы қаласының аудандық прокуратура бөлімдерінің прокурорлары мен Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері қатысып, студенттер мен оқушыларға заңды құрметтеу, оған бағыну қоғамның тұрақты дамуы мен әділдік пен заң қағидаттарын нығайтудың негізгі факторы екенін түсіндірді.

Сонымен қатар ҚАЖ департаменті мамандары жастарды ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуға немесе Қостанай академиясына оқуға түсуге шақырды.

Телекөпір форматындағы кездесу "Заң және тәртіп" тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын нақты мысалдар арқылы түсіндіруге мүмкіндік беріп, маңызды профилактикалық және тәрбиелік іс-шараға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру