Полиция қоғамдық орындардағы қалта ұрлығынан қалай сақтану керегін еске салады
Полиция қоғамдық орындардағы қалта ұрлығынан қалай сақтану керегін еске салады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында қалта ұрлығының ең жиі қолданылатын тәсілдерін көрнекі түрде көрсететін профилактикалық бейнеролик дайындады. Бейнематериалда сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық көліктерде және адам көп жиналатын орындарда қалта ұрыларының қалай әрекет ететіні нақты мысалдар арқылы көрсетілген.
Роликте қаскөйлердің көбіне жұптасып немесе топпен жұмыс істейтіні, жәбірленушінің назарын әдейі басқа жаққа аударып, жасанды түрде қарбалас пен тығыздық туғызатыны, сондай-ақ әрекеттерін жасыру үшін сөмке, пакет немесе сырт киімді пайдаланатыны бейнеленген. Қалта ұрыларының негізгі нысанасы, әдетте, ұялы телефондар мен әмияндар болып табылады.
– Мұндай ұрлықтар көбіне адамдардың асығыстығы мен көпшілік арасындағы бейқамдықты пайдаланумен жүзеге асады. Қалта ұрлықтары, әдетте, адам көп шоғырланған, қарбалас жағдайда жасалады. Қылмыскерлер азаматтардың қырағылығына сенбейді, керісінше олардың бейқамдығын пайдаланып, тез әрі білдіртпей әрекет етеді. Сондықтан біз алдын алу шараларына және көрнекі түсіндіруге ерекше мән беріп отырмыз, – деді Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Полиция өкілдері мұндай қылмыстардың басым бөлігін қарапайым жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы алдын алуға болатынын атап өтті.
Қалта ұрыларының құрбаны болмау үшін әмиян мен телефонды киімнің сыртқы қалтасында сақтамаңыз, қоғамдық көлікте және сауда орталықтарында сөмке мен рюкзакты алдыңызға ұстап жүріңіз, адам көп жиналатын жерлерде бағалы заттарды көзге түсірмеуге тырысыңыз.
Полиция азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Мұқият болу – қалта ұрлығының алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін еске салады.
