Маңғыстау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Маңғыстау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында отбасылық жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу және зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету бағытында бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар өткізілді.
Аталған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 477 құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді ішуге, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салатын ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді.
Сонымен қатар қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 162 тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 231 қолайсыз отбасы анықталып, профилактикалық есепке қойылды.
Қазіргі уақытта облыс аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында екі дағдарыс орталығы тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Полиция отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
