Талдықорғанда студенттермен есірткіге қарсы ашық форматтағы профилактикалық кездесу өтті
Талдықорғанда студенттермен есірткіге қарсы ашық форматтағы профилактикалық кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған индустриялық колледжінде Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің студенттермен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара "ашық микрофон" форматында ұйымдастырылып, оған 80-ге жуық студент қатысты. Кездесудің басты ерекшелігі – сенімге негізделген ашық атмосфера.
Әрбір студент өзіне алаңдатқан сұрақтарды еркін қойып, пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Полиция қызметкерлері есірткімен күресте қоғам мен жастардың бірлескен әрекеті ғана нақты нәтиже беретінін атап өтті. Іс-шара барысында студенттерге есірткі заттарының адам денсаулығына ғана емес, оның тағдырына, отбасына және болашағына тигізетін орны толмас зияны жан-жақты түсіндірілді.
Сондай-ақ сотталған азаматтардың өмірлік тәжірибесіне негізделген сұхбаттардан тұратын бейнероликтер көрсетіліп, олардың есірткінің салдары қандай қайғылы жағдайларға алып келетінін ашық баяндауы жастарға ерекше әсер қалдырды. Мұндай кездесулер жастарға құрғақ насихат емес, шынайы ақпарат беріп, өз өмір жолы туралы терең ойлануға мүмкіндік беретін маңызды профилактикалық алаңға айналуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде: "Елдің болашағы – білімді, саналы әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында", – деп атап өткен болатын. Осыған орай, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі болашақты қорғау – бүгіннен басталатын әрбір дұрыс таңдаудан бастау алады.
