Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында сотталған азамат өз өкінішін айтты

Қызылорда облысында сотталған азамат өз өкінішін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде абайсызда қылмыс жасаған жазасын өтейді. Олардың басым бөлігі – жол-көлік оқиғасын жасағандар.

Солардың бірі – 38 жастағы сотталған. Ол мас күйінде автокөлік басқарғаны үшін өкініш білдіреді. Ол қарапайым оқытушы болып жұмыс істеген. Алайда бір сәттік байқамай жасалған қателік пен жауапсыздық оның өмір жолын түбегейлі өзгерткен.

– Алғаш рет ішімдік ішіп көлік жүргізгенім үшін автокөлік басқару құқығымнан 7 жылға айырылдым. Өкінішке қарай, бұл жаза маған сабақ болмады. Белгіленген мерзім аяқталмай жатып, тағы да көлік тізгініне отырдым. Қазір темір тордың ар жағындамын. Ата-анамнан жырақтамын. Өкініш өзегімді өртейді, – дейді ол.

Сотталған азамат отбасын құрмағанын, ата-анасына ауыр соққы болғанын жан күйзелісімен жеткізді. Оның айтуынша, заң бәріне ортақ, ал жасалған қателік үшін жауапкершілік міндетті.

– Жастарға айтарым – ішімдік ішіп көлік жүргізбеңіздер. Бұл өзіңізге де, өзгеге де қауіп төндіреді. Ойланбай жасалған әрекет арты орны толмас өкінішке әкеледі, – дейді сотталған.

Қазіргі таңда ол мекеме психологтары мен сала мамандарының қабылдауынан өтіп, өзін қайта тәрбиелеу жолына бет бұрған. Бос уақытында шығармашылықпен айналысады.

– Бар ойымды қағаз бетіне түсіремін. Қаламмен, майлы бояумен сурет саламын. Гипстен мүсіндер жасаймын. Сурет салу – менің туа біткен қабілетім. Өнер маған сабыр мен үміт сыйлайды, – дейді ол.

Оның тағдыры – жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың және мас күйінде көлік жүргізудің ауыр салдарын көрсететін нақты мысал. Бұл – әрбір азаматқа ой салар өмірлік сабақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру