Қызылордада кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелдердің жазасы кейінге қалдырылды
Қызылордада кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелдердің жазасы кейінге қалдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде әйел азаматшалар да жазасын өтейді. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сот қаулысымен кәмелетке толмаған балалары бар сегіз сотталған әйелдің жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылып, олар бас бостандығынан айыру мекемесінен босатылды.
Аталған заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты – гуманизм қағидаттарын сақтау, аналардың құқықтарын қорғау және кәмелетке толмаған балалардың толыққанды тәрбиеленуіне қолайлы жағдай жасау. Бұл қадам қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, отбасы институтын сақтауға бағытталған.
Бостандыққа шыққан әйелдердің бірі көрсетілген мүмкіндікке алғысын білдіріп, өз ойымен бөлісті.
– Маған берілген бұл мүмкіндік – жаңа өмірге жасалған үлкен қадам. Ең бастысы – баламның жанында болып, оның тәрбиесіне көңіл бөле аламын. Қателігімді түсіндім, балаларымның жақсы азамат болып өсуіне бар күшімді саламын, – деді ол.
