Жамбыл облысында кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Жамбыл облысында кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараздағы №61 жалпы білім беретін мектепте кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды. Бұл — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасы аясында Жамбыл облысында ашылған 21-ші мектеп.

Салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Сәлемов және Әулие-Ата аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Санжар Абдрайымов қатысты.

— "Жас сақшы" жобасы — өскелең ұрпақты заңды құрметтеуге, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды бастама. Бұл сыныпта оқушылар құқық негіздерін меңгеріп, полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысады, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын түсінеді, — деп атап өтті Берік Сәлемов.

Салтанатты іс-шараға мектеп ұжымы, оқушылар және полиция қызметінің ардагерлері қатысты. Жиын барысында 6-7 сыныптардан іріктеліп, "Жас сақшы" қатарына қабылданған оқушылар салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы сақшы куәліктері табысталды.
