Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үздік тергеуші – заң үстемдігінің кепілі

Үздік тергеуші – заң үстемдігінің кепілі. Ал сондай жауапкершіліктің жүгін көтеріп жүрген Әділет Тұрсынбаев жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

Тергеуші деген кім? Бұл – иығына орасан зор жауапкершілік артылған адам. Оның қабылдайтын шешімдері кей жағдайда өзге адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Бұл мамандық заңды терең білумен қатар, принципшілдік, сабырлылық пен мінсіз адалдықты талап етеді. Бүгін біз сіздерді 2025 жылдың үздік тергеушісі — Әділет Тұрсынбаевтың күрделі әрі тынымсыз еңбегімен таныстыруды ұсынамыз.

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ академиясының түлегі, ол кәсіби жолын 2013 жылы курсанттан бастаған. 2017 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Талдықорған қалалық полиция басқармасында анықтаушы болып еңбек жолын жалғастырды.

Қызмет жылдары ішінде әртүрлі санаттағы — қарапайымнан бастап ауыр және аса ауыр қылмыстық істерге дейін көптеген қылмыстық істерді тергеді. Әріптестері оны принципшіл, сауатты әрі жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде бағаласа, жас мамандар оны әрдайым ақыл-кеңес беруге және қол ұшын созуға дайын тәлімгер ретінде таниды. Оған тек кәсіби көмек үшін ғана емес, күрделі қызметтік жағдайларда қолдау алу үшін де жүгінеді.

2025 жылы мінсіз қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін полиция майоры Әділет Ерікұлы Тұрсынбаев "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" III дәрежелі медалімен марапатталды. Бүгін оқырман тергеушінің күнделікті атқаратын, көбіне көзге көріне бермейтін тынымсыз еңбегінің бір ғана бөлігін көре алады.

Кабинеттегі ұйқысыз түндер, қылмыстық істердің қалың томдары, деректер мен дәлелдерді үздіксіз талдау — барлығы бір мақсат үшін. Яғни істі сотқа дейін жеткізіп, әділ шешімнің қабылдануына қол жеткізу.

Әділет Тұрсынбаев — жеке уақытымен санаспай, түн ортасына дейін жұмыста қалатын қызметкерлердің бірі. Өйткені ол үшін қызмет — жай ғана мамандық емес, нағыз өмірлік ұстаным. Қазіргі таңда ол үздік қызметкерлердің бірі ретінде полиция департаментіне іссапармен жіберілген.

Сонымен қатар Ескелді аудандық полиция бөлімінде өз қызметтік міндеттерін қатар атқарып, нағыз офицер мен тергеушіге тән жоғары мәртебесін дәлелдеп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру