Абай облысында полиция қызметкерлері оқушылар арасындағы буллингке қарсы қауіпсіздік сабағын өткізді
Абай облысында полиция қызметкерлері оқушылар арасындағы буллингке қарсы қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция қызметкерлері №7 мектеп-лицейінде оқушылармен буллингтің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру тақырыбында арнайы қауіпсіздік сабағын өткізді. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу, өзара сыйластық пен құқықтық мәдениетті нығайту, сондай-ақ оқушыларға қиын жағдайларда қайда және қалай жүгіну керектігін түсіндіру.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері буллингтің психологиялық, моральдық және кибербуллинг сияқты түрлеріне кеңінен тоқталып, оның салдары тек жәбірленушіге ғана емес, буллингке қатысушылардың өздеріне де ауыр жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
- Мектеп – әр бала өзін қауіпсіз сезінетін, еркін ой білдіріп, тұлға ретінде дамитын орта болуы тиіс. Буллинг – бұл жай ғана әзіл немесе уақытша келіспеушілік емес, ол адамның психикасына терең жара салатын, болашақ өміріне әсер ететін қауіпті құбылыс. Сондықтан әрбір оқушы өз әрекетінің салдарын түсініп, бір-біріне құрметпен қарауы қажет, – деді Абай облысы ПД өкілі өз сөзінде.
Сабақ барысында полицейлер нақты өмірлік мысалдар келтіріп, оқушылармен ашық диалог форматында пікір алмасты. Жасөспірімдер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, буллингке тап болған жағдайда қандай қадамдар жасау керектігін білді.
