Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолаушылар қауіпсіздігі – басты назарда: Алматыда полиция автокәсіпорындарды тексерді

Алматы қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тексеру жұмыстары тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын автокәсіпорындарды, оның ішінде автобус парктері мен троллейбус деполарын қамтиды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты — мегаполис жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту және олардың алдын алу. Бұл ретте басты басымдық жазалау шараларына емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен алдын алу жұмыстарына беріліп отыр.

— Алматы — көлік қозғалысы қарқынды, жолаушылар ағыны жоғары, қоғамдық көлік саны көп ірі қала. Бұл жағдай тасымалдаушылар мен жүргізушілерге ерекше жауапкершілік жүктейді. Іс-шаралар барысында біз қауіпсіздік талаптарының сақталуына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режиміне, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау кезіндегі тәртіп пен жауапкершілік мәселелеріне айрықша назар аударамыз, — деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция автокәсіпорындардың басшыларын және қоғамдық көлік жүргізушілерін заңнама талаптары мен қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтауға шақырады. Себебі олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі мыңдаған жолаушының өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру