Қарағандыда полиция қабырғаларға есірткі жарнамасын салған күдіктілерді ұстады
Қарағанды қаласында Абай аудандық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын насихаттайтын граффити салумен айналысқан екі ер адамның заңсыз әрекетін әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
32 жастағы күдіктілер қылмыс үстінде, яғни қабырғаларға есірткіге қатысты жарнама жазып жатқан сәтінде ұсталды.
Тінту барысында қара түсті бояу баллондары мен ұялы телефондар тәркіленді. Телефондардың бірінен куратормен жүргізілген хат алмасу анықталды. Бұл есірткі жарнамасын тарату бойынша ұйымдасқан жүйенің бар екенін дәлелдейді.
Күдіктілердің "еңбегіне ақы төлеу" тәсілі де алаңдатарлық. Олар ақшалай сыйақы алмай, психотроптық заттың бір дозасын алған. Бұл жағдай есірткі бизнесінің қатыгез әрі жүйелі сипат алғанын айғақтайды.
Сонымен қатар ұялы телефондардан бұрын салынған граффитилердің нақты мекенжайлары көрсетілген фотоматериалдар табылды.
Аталған деректер есірткі жарнамасы орналастырылған барлық нүктелерді анықтауға және тапсырыс берушілерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
