Павлодарда телефонмен сөйлескені үшін 300-ден астам жүргізуші тоқтатылды
Павлодарда телефонмен сөйлескені үшін 377 жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда жүргізушілерге арналған сымсыз құлаққаптар мен автокөлікте телефонды бекітуге арналған арнайы құрылғылар бар. Алайда соған қарамастан көптеген автокөлік жүргізушілері заманауи техникалық мүмкіндіктерді елемей, көлік тізгінінде отырып телефонмен сөйлесуді жалғастыруда. Жыл басынан бері облыс жолдарында осындай 377 жүргізуші тоқтатылды.
– Рөлде отырып телефонмен сөйлесу жүргізушінің назарын жолдан басқаға аударады да, көлікті аса қауіпті құралға айналдырады. Себебі телефонмен сөйлесу немесе хабарлама теру негізгі әрекетке айналып, ал автокөлікті басқару екінші кезекке ысырылады. Рөлдегі мобильді белсенділік жүргізушінің назарын бөледі, әрекет ету жылдамдығын едәуір төмендетеді әрі жол жағдайын бақылау қабілетін әлсіретеді. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасына түсу қаупі төрт есе артады, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінде.
Мәселен, Павлодар қаласында Назарбаев – Кривенко көшелерінің қиылысында полицейлер рөлде отырып телефонмен сөйлескен Hyundai автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Осыған ұқсас құқық бұзушылықты Mazda CX-7 автокөлігінің жүргізушісі де жасаған. Екі жүргізуші де өз кінәсін мойындап, қоңыраудың шұғыл болғанын түсіндірді. Аталған құқық бұзушылық үшін рөлде отырып телефонмен сөйлескен жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Аталған құқық бұзушылықтар жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларымен де тіркелді.
Ведомствода көлік құралын басқару кезінде жүргізушілер әрдайым сақ болып, назарын бөлмей, жылдамдық режимін сақтауы және ең бастысы — ұялы телефонды пайдаланбауы қажет екенін ескертеді.
"Заң және тәртіп" қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін сөзсіз жауапқа тартылады.
