Алакөлде заңсыз балық аулаудың алдын алу бойынша рейдтер жүргізілуде
Абай облысында Алакөл көлінде заңсыз балық аулау деректерінің алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің Мақаншы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен аудан аумағында орналасқан стратегиялық маңызы бар Алакөл көлінде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аталған іс-шаралар өңірдегі биологиялық ресурстарды сақтау, заңсыз балық аулаудың алдын алу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілді. Рейд барысында көл аумағы жан-жақты тексеріліп, су айдынын заңсыз пайдалануға бағытталған әрекеттер анықталды.

Атап айтқанда, тексеру нәтижесінде Қытай Халық Республикасында өндірілген, заң талаптарына сәйкес келмейтін және заңсыз орнатылған ұзындығы шамамен 400–500 метрді құрайтын ау құралдары табылып, су айдынынан алынды.
Анықталған заңсыз балық аулау құралдары қолданыстағы талаптарға сәйкес тәркіленіп, толықтай жойылды. Абай облысы полиция қызметкерлері табиғатты қорғау және экологиялық заңнаманы сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары азаматтарды табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудан бас тартуға және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
