Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полиция ойын-сауық мекемелерінде профилактикалық рейд өткізді

Астанада полиция ойын-сауық мекемелерінде профилактикалық рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда есірткі заттарына жатпайтын, бірақ күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңнамаға өзгерістер күшіне енді. Елордада полиция шамамен 50 көңіл көтеру мекемесін тексеріп, "көңіл көтеру шарлары" деп аталатын күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату бойынша 13 деректі анықтады.

Атап айтқанда, түнгі клубтардың бірінде газ баллоны тікелей диджей пультінің жанынан табылып, қасында ауа толтыратын шарлардың қаптамалары жатқан. Тағы бір жағдайда клуб қызметкерінен сату мақсатында сақталған 11 газ баллоны мен шарлар қаптамалары анықталды.

Сонымен қатар азот тотығын өткізу мақсатында тасымалдау фактісі де тіркелді – автокөліктің жүк салғышынан 9 газ баллоны табылды. Барлық жағдайда анықталған заттар тәркіленіп, құқық бұзушыларға қатысты қылмыстық істер қозғалды.

Полиция ескертеді: азот тотығын қоса алғанда, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сананы өзгертетін кез келген зат психика мен адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Барлық анықталған заң бұзушылық қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру