Қызылорда облысы ПД қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру бағытында меморандумға қол қойылды
Қызылорда облысы полиция департаменті қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру бағытында меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінде жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға, физикалық және тактикалық даярлығын күшейтуге, сондай-ақ қызметтік міндеттерін заманауи талаптарға сай тиімді орындауына бағытталған маңызды іс-шара өтті.
Құқық қорғау қызметі жоғары жауапкершілікті, тұрақты дайындықты, мықты физикалық және психологиялық төзімділікті талап етеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің жауынгерлік даярлығын жүйелі түрде жетілдіру, тәжірибелі мамандардың әлеуетін тиімді пайдалану – департамент қызметінің басым бағыттарының бірі.
Осы мақсатта Қызылорда облысы полиция департаменті мен "Қызылорда облысының жекпе-жек федерациясы" қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған қоғамдық бірлестіктің Президенті Дәуірбек Дәулетов құжатқа қол қою рәсіміне қатысты.
Меморандум аясында заманауи әдістемелер мен тәжірибелерді енгізу арқылы полиция қызметкерлерінің физикалық, тактикалық және кәсіби машықтарын дамыту көзделген. Бұл өз кезегінде жеке құрамның қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде орындауына ықпал ететін болады.
Аталған ынтымақтастық құқық қорғау органдары мен спорттық ұйымдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, тәртіпті, төзімді және жоғары дайындықтан өткен полиция қызметкерлері корпусын қалыптастыруға бағытталған.
