Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада сарбаздар аналары кеңесінің өкілдері әскери бөлімдерге барды

Жұмыс сапары аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының елордалық гарнизонына қарасты 5573 және 6636 әскери бөлімдерінеАналар жүрегі” сарбаздар аналары кеңесінің республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лилия Хайруллина, сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілі Фарида Мурахметовна барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордадағы 5573 әскери бөлімінде қонақтарды бөлім командирі Жандар Әшірбеков қарсы алды. Ал 6636 әскери бөлімінде кездесуді бөлім командирі Ерлан Буранбаев өткізді.

Сапардың негізгі мақсаты — мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қызмет ету және тұрмыс жағдайларымен танысу болды. Қоғамдық бірлестік өкілдері сарбаздардың күнделікті дайындықтан өтіп, қарбалас қызмет күндерінен кейін тынығатын казармаларды аралады. Ғимараттардың санитарлық жағдайына, күн тәртібінің сақталуына және жеке құрам үшін қолайлы жағдайдың жасалуына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қонақтар сарбаздар асханасына барып, тамақтануды ұйымдастыру тәртібімен, ас ішу жағдайларымен және белгіленген нормалардың сақталуымен танысты. Әскери бөлімдерде сапалы әрі құнарлы тамақтану мәселесіне басымдық берілетіні атап өтілді, өйткені бұл әскери қызметшілердің денсаулығы мен моральдық-психологиялық ахуалына тікелей әсер етеді.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі ретінде демалыс күндері сарбаздардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне көңіл бөлінді. Әскери бөлімдерде мазмұнды демалысқа барлық жағдай жасалған: әскери қызметшілер спортпен шұғылданады, кітап оқиды, фильмдер көреді, туған-туыстарымен байланыс жасайды, шет тілдерін үйреніп, музыкалық аспаптарды меңгереді. Мұндай тәсіл күш-қуатты қалпына келтіруге және ұжымдарда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.

Сапар қорытындысы бойынша Сарбаздар аналары кеңесінің өкілдері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдері мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Осындай кездесулер ата-аналардың әскерге деген сенімін арттырып, ұлдарының лайықты жағдайда қызмет етіп жатқанын көруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру