Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде мәдени іс-шара өтті

Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде мәдени іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 ақпан – қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен тағылымды мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлер арасында Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақын поэзиясының терең мағынасын ұғындыру, рухани құндылықтарды дәріптеу болды.

Тағылымды жиынды мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Жеңіс Ернияз ашып, қазақ поэзиясының қара нары, "Хан Тәңірінің мұзбалағы" атанған Мұқағали Мақатаевтың ұлттық әдебиеттегі орны мен рухани мұрасы жайында кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ақынның өмір жолы мен шығармашылығын қамтыған бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара барысында мекеме қызметкерлері ақынның жүрекке жетер жырларын жатқа оқып, әнге айналған өлеңдерін орындады. Мекеме қызметкері әділет капитаны Айнұр Абрашитованың Мұқағали Мақатаевтың "Сәби Ана" өлеңін тебірене оқыды.

– Мұқағали өлеңдері – адам жанын тәрбиелейтін, жүрекке жылу сыйлайтын асыл мұра. “Сәби Ана” өлеңін оқу арқылы ананың шексіз махаббатын, балаға деген шынайы сезімді тағы бір мәрте жүрегімнен өткіздім. Мұндай шығармалар әр адамды адамгершілікке, мейірімге тәрбиелейді. Осындай рухани іс-шаралар бізді бір сәтке болса да күнделікті қызметтің қарбаласынан бөліп, ішкі жан дүниемізді байытады, – деп атап өтті.

Ақынның шығармашылығына арналған бұл рухани кеш қызметкерлердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухты көтеруге үлкен үлес қосты. Мұқағали жырлары – мәңгілік, ал оны ұлықтау – келер ұрпақтың қасиетті парызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру