Қарағандыда ІІО ардагерін еске алу турнирі ұйымдастырылды
Қарағанды облысында генерал-майор Владимир Шумиленконы еске алуға арналған волейбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпанда Қарағанды облысында Қарағанды облысы полиция департаменті мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының қолдауымен ішкі істер органдарының ардагері, милиция генерал-майоры Владимир Шумиленкоды еске алуға және Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеуге арналған волейбол турнирі ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов және генерал-майордың жұбайы Людмила Шумиленко қатысты. Қонақтар жарыстың тағылымдық мәніне айрықша тоқталып, ардагерлерге көрсетілген құрметтің жас ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирге Қарағанды облысының полиция қызметкерлерінен құралған 15 команда қатысты. Күні бойы жалғасқан тартысты кездесулер спорттық бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша:
І орын — Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командасына;
ІІ орын — жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлеріне;
ІІІ орын — Қарағанды қаласының көліктегі полиция басқармасының командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Аталған іс-шара қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, патриоттық рухты арттыруға және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды спорттық шараға айналды.
