Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер ойын-сауық орындарын тексерді

Павлодар қаласында полицейлер түнгі клубтарда алдын алу және профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы түнгі клубтарда тексерулер жүргізіп, профилактикалық кездесулер ұйымдастырды.

Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ойын-сауық орындары әкімшіліктерінің жауапкершілік деңгейін арттыруға және қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады.

Рейд барысында мекеме басшыларымен, қауіпсіздік қызметімен және қызмет көрсетуші персоналмен қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Клуб қызметкерлерінің түрлі жағдайларда әрекет ету алгоритміне ерекше назар аударылды: тыйым салынған заттар мен бұйымдарды анықтау, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жағдайлардың туындауы, келушілердің есірткілік немесе айқын алкогольдік мас күйде болуы, сондай-ақ құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажеттілігі.

Сонымен қатар азот тотығын тарату мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы Қазақстан Республикасында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, заңда белгіленген мақсаттардан тыс пайдаланылатын азот тотығы заңсыз айналымы мен сатылуына тыйым салынған заттар тізбесіне енгізілгені түсіндірілді.

– Ойын-сауық орындарында, оның ішінде түнгі клубтарда "күлдіргіш газды" сату және тарату заңсыз болып табылады және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Мекеме басшыларына клуб аумағында тыйым салынған заттарды сату немесе тұтыну деректеріне жол бергені үшін заң талаптары мен жауапкершілік шаралары түсіндірілді, – дейді Павлодар қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.

Сондай-ақ полиция органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі бойынша қосымша нұсқама өткізілді, қолданыстағы заңнама нормалары және есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары түсіндірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру