Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қыс мезгілінде көлікті дұрыс қою – қала қауіпсіздігінің кепілі

Көлікті дұрыс қоймау – жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі. Қыс мезгілінде бұл мәселе айрықша өзектілікке ие. Жол жиегінде, аула ішіндегі тар өткелдерде және жүріс бөлігінде қалдырылған автокөліктер коммуналдық техниканың жұмысына кедергі келтіріп, көшелер мен аулаларды қардан тазалау процесін қиындатады, сондай-ақ жедел қызметтердің еркін қозғалысына тосқауыл болуы мүмкін, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаменті қала тұрғындарын жауапкершілік танытуға және қар тазалау жұмыстарына, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөгет болатын орындарға көлік қалдырмауға шақырады.

Профилактикалық жұмыстар аясында Наурызбай аудандық полиция басқармасы қызметкерлері автокөліктерді қою қағидаларының сақталуына бақылау жүргізуде.

— Біздің мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Қысқы кезеңде жүргізушілердің арнайы техниканың қозғалыс бағыттарына, аула ішіне және жолдың жүріс бөлігіне автокөлік қалдырмауы аса маңызды. Бұл қала көшелерін тазалау қарқыны мен сапасына тікелей әсер етеді. Аудан полициясы түсіндіру және профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда және тұрғындарды аталған мәселеге түсіністікпен қарауға шақырады, — деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Жақыпбаев.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы мәдениетін сақтау – ортақ міндет екенін еске салады. Тәртіп пен өзара құрмет – қауіпсіз әрі жайлы қаланың кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру