Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция жаяу жүргіншілерге бақылауды күшейтті

Алматы қаласында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алуға, көшелердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған “Жаяу жүргінші” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлері кең ауқымды түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізді. Қаладағы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. Әсіресе жастарға – болашақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын орнықтыру мақсатында тәжірибелік түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

— “Жаяу жүргінші” іс-шарасы аясында азаматтардың назарын жол қауіпсіздігіне аударып, жергілікті деңгейде нысаналы жұмыстар жүргіздік, жастарға жолда өзін дұрыс ұстау қағидаларын түсіндірдік. Басты мақсатымыз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Профилактика – бәрінен маңызды, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, аталған іс-шара профилактикалық тәсілдің тиімділігін көрсетті. Білім беру ұйымдарының белсенді қатысуы, жастармен өткізілген дәрістер мен жүргізушілерге арналған түсіндіру жұмыстары жолдағы тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпал етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру