Жамбыл облысында балалар құқығын қорғау жөнінде форум өтті
"Бақытты болашақ" оқушылар сарайында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту, сондай-ақ олардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі" тақырыбында облыстық форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мектеп директорлары, ата-аналар қауымдастығының мүшелері, бала құқықтары жөніндегі уәкіл және өзге де мүдделі тараптар қатысты.
Талқылау барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, буллингтің, топтық төбелестердің, бопсалаудың, ұрлықтың, алаяқтықтың, тонаудың, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың және жасөспірімдерді заңға қайшы әрекеттерге тартудың профилактикасына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениеті мен заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастырудағы отбасы мен мектептің рөлі жеке қарастырылды.
Форум аясында жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа деген тұрақты теріс көзқарасын қалыптастыруға бағытталған құқықтық мазмұндағы бейнероликтер көрсетілді.
— Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу кешенді әрі жүйелі тәсілді талап етеді. Тек полиция, білім беру органдары, ата-аналар және қоғамның тығыз өзара іс-қимылы арқылы ғана әрбір баланың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасай аламыз және кез келген құқыққа қарсы көріністердің дер кезінде жолын кесеміз, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікаримов.
Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандар мен олардың отбасыларымен жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізу қажеттігі атап өтілді.
