Әзіл мен заң арасындағы шекара: Жезқазғанда жасөспірімдерге құқықтық тәрбие сабағы өтті
Мектеп қабырғасындағы қарапайым қалжыңның өзі заң алдындағы жауапкершілікке ұласуы мүмкін. Осыған орай кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Жезқазған қаласы полиция басқармасының тәртіп сақшылары мен "Жас сақшылар" жасағы ерекше форматтағы танымдық кездесу өткізіп, жасөспірімдерге заң талаптарын кеңінен түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орынсыз әзілдің артында қандай жауапкершілік бар?
Қазіргі таңда көптеген жасөспірім құрдастарын келемеждеуді, әлеуметтік желіде орынсыз суреттер мен жазбалар жариялауды жай ғана әзіл деп ойлайды. Алайда полиция қызметкерлері мұндай әрекеттердің артында нақты құқықтық ұғымдар тұрғанын ескертеді. Олардың қатарында қорлау мен намысқа тию, жеке өмірге қол сұғу, буллинг және кибербуллинг секілді заңмен жазаланатын әрекеттер бар.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, балалар кейде әзілдің шегінен асып кеткенін байқамай қалады. Сондықтан негізгі мақсат — жасөспірімдерге рұқсат етілген әрекет пен заң бұзушылықтың арасындағы шекараны нақты көрсету. Себебі адамның ар-намысына нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет үшін әкімшілік, ал кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
Кездесу барысында "жас сақшы" жасағы тек тыңдаушы емес, нақты өмірлік жағдайларды талдайтын белсенді қатысушылар ретінде танылды. Оқушылар мектеп өмірінде жиі кездесетін үш маңызды бағыт бойынша кейстерді қарастырды:
• ортақ чаттарда біреуді әдейі шеттету немесе балағаттау сияқты кибербуллинг көріністері;
• "әзіл" желеуімен ақша талап ету не жеке заттарды тартып алу түріндегі бопсалау әрекеттері;
• білім беру ұйымының мүлкін бүлдірумен байланысты вандализм фактілері.
Сабақ барысында жас сақшылар құрдастарына құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу тәсілдерін меңгеріп, мектеп ішіндегі кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешуге көмектесетін алғашқы делдалдар-медиаторлар ретінде қалыптасуда.
Полиция ата-аналарды баласының мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауға шақырады. Егер жасөспірім буллингке ұшыраса немесе өзі өзгелерге қысым көрсетсе, бұл тек мектептің ғана емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі екені атап өтілді.
Тәртіп сақшыларының пікірінше, мұндай профилактикалық кездесулер мектептерінде қауіпсіз орта қалыптастыруға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңға құрмет мәдениетін нығайтуға мүмкіндік береді.
