СҚО-дағы Вагулин округінде полиция қызметі күшейтілді
СҚО Қызылжар ауданының Вагулин ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторының қосымша штат бірлігі енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Округ құрамына 1214 тұрғыны бар бес ауыл кіреді. 153 оқушы үш мектепте білім алады.
– Округ шекараға жақын орналасқандықтан, көші-қон ағыны жоғары. Бір учаскелік инспекторға жұмыс көлемін атқару қиын, сонымен қатар ол аудан бойынша кезекшілікке де шығатын еді, – дейді округ әкімі Ирина Шишкина.
2025 жылғы қараша айының соңында Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Үкімет мүшелерімен өткен кездесуіне қатысты. Кездесу барысында ол округтегі жағдай туралы ішкі істер министрі Ержан Саденовке баяндады.
Мемлекет басшысы халықтың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жедел ден қоюдың маңызын бірнеше рет атап өткен. Ауыл әкімінің өтініші қысқа мерзімде қаралып, 19 ақпанда СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин бұл мекенге екінші учаскелік инспекторды таныстырды. Бұл қызметке 20 жылдық еңбек өтілі бар, күрделі қалалық жағдайда жұмыс тәжірибесі Ренат Бақтыбаев тағайындалды.

Жаңа полиция қызметкерін округ тұрғындары, жергілікті билік өкілдері және ішкі істер органдарының ардагерлері жылы қарсы алды. Ардагерлер атынан цехтық ардагерлер ұйымының төрағасы Александр Дроздецкий қатысты.

