Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында "Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында онлайн байқау ұйымдастырылды

Павлодар облысында "Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында онлайн-байқау ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында "Тәртіп өзімнен басталады"  тақырыбында "Заң және тәртіп" идеологиясын іске асыру аясында онлайн-бейнероликтер байқауы өтті. Сондай-ақ үздік жұмыстар авторларын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары мен студенттерден 101 өтінім келіп түсті. Әсіресе, жалпы білім беретін мектеп оқушылары белсенділік танытты. Әрбір бейнеролик жай ғана сценарий мен монтаж емес, қоғамдағы тәртіп әрқайсымыздан басталатынын түсінудің жеке көзқарасы.

– Іріктеу жұмыстарын құқық қорғау органдары мен жастар ұйымдарының өкілдері жүргізді. Сонымен қатар ұсынылған материалдардың сапасын Ақпараттық технологиялар орталығының мамандары да бағалады, – деді білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Нурия Шамсутдинова.

Байқау қорытындысы бойынша І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталды. Сондай-ақ "Үздік әлеуметтік бейнеролик", "Белсенді азаматтық ұстанымы үшін", "Креативті көзқарас" және "Жастардың құқықтық тәртіпке көзқарасы" номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

– Іс-шара өте өзекті. Барлық жұмыстар креативті әрі мазмұнды болды, үздіктерді таңдау оңайға соқпады. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, балалар заңмен жақынырақ танысып, құқықтық мәдениетін арттыра түсер еді. Қуантарлығы – көптеген жастардың заң мен тәртіптің маңызын түсініп, белсенді қатысуы, – деді Павлодар қаласы ПБ ювеналдық полиция тобының инспекторы Ерлан Калкамбеков.

Байқаудағы үздік жұмыстардың бірі сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналды.

– Біздің ролик сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналды. Ең алдымен, әрбір қазақстандыққа, соның ішінде облыс тұрғындарына жемқорлықтың қоғамға жат құбылыс екенін жеткізгіміз келді. Түсірілімге көптеген қатысушылар тартылды, оның ішінде вокал өнері бөлімінің студенттері ән орындап, басқа студенттер актерлік шеберлігін көрсетті, – деді колледж студенті, байқау жеңімпазы Канат Смагулов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи цифрлық форматтар жастармен бір тілде сөйлесуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұндай байқаулар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру