Ақтөбеде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптары тексерілді
Ақтөбеде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптары тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері қаладағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына кешенді тексеру жүргізді. Негізгі мақсат — оқушылардың, педагогтардің және мектеп қызметкерлерінің өмірімен денсаулығын сенімді қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ балалардың шынайы өмірде де, цифрлық ортада да қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
Іс-шараның ерекшелігі — интерактивті робот-гуманоид пен робот-иттің қатысуы болды. Олар полиция қызметкерлерімен бірге мектептерге барып, оқушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында танымдық сабақтар өткізді. Ойын форматында балалар мен педагогтерге желідегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жеке деректерді қорғаудың маңызы айтылды және кең таралған онлайн-алаяқтық схемалары туралы ақпарат берілді.
Оқушылар полиция қызметкерлерімен бірге түрлі жағдайларды талқылап, ықтимал қауіп-қатерлерге дұрыс әрекет ету жолдарын үйренді. Мұндай формат балалардың қызығушылығын арттырып, профилактикалық жұмыстың тиімділігін күшейтті.
Сонымен қатар, тексеру барысында бейнебақылау жүйелерінің жұмысына, өткізу режиміне, дабыл батырмаларының жарамдылығына және төтенше жағдайлар кезіндегі персоналдың әрекет ету алгоритмдеріне ерекше назар аударылды. Мектеп әкімшіліктерімен қосымша нұсқамалар өткізіліп, қауіпсіздік шараларын жетілдіру бойынша ұсынымдар берілді.
