Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында пробация талабын бұзған азамат бас бостандығынан айырылды

Қостанай облысында пробация талабын бұзған азамат бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында пробация есебінде тұрған сотталған азамат сот белгілеген шектеулерді бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды.

Аталған азамат қоғамнан оқшаулаусыз жаза өтеп, электрондық бақылау құралдарын қолдана отырып пробациялық бақылауда болған. Кезекті тексеру барысында пробация қызметкерлері оның тұрғылықты мекенжайында болмағанын анықтады. Осылайша ол сот жүктеген міндеттерді бұзған.

Оның әрекеті құқыққа қарсы сипатта болмағанымен, белгіленген аумақтан рұқсатсыз шығу – жаза өтеу тәртібін бұзу. Пробациялық бақылау сотталғанның белгілі бір уақытта тұрғылықты мекенжайында болуын және белгіленген шектеулерді қатаң сақтауын талап етеді.

Құқық бұзушылық электрондық бақылау құралдары арқылы тіркеліп, жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен жаза бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылып, 1 жыл 4 ай мерзім белгіленді.

Пробация қызметінде атап өткендей, электрондық мониторинг жүйесі талаптардың бұзылуын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері пробация қызметкерлері жаза өтеу шарттарын бұзудың 27 дерегін анықтап, әрқайсысы бойынша заңға сәйкес шаралар қабылдады.

Мамандардың айтуынша, пробацияның негізгі мақсаты – сотталғандарды қоғамға бейімдеу және қайта құқық бұзушылықтың алдын алу. Алайда сот белгілеген талаптарды сақтау – бостандықта қалудың басты шарты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру