Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда оқушыларға заң мен тәртіптің маңызы түсіндірілді

Талдықорған қаласындағы №30 мектепте оқушыларға құқықтық тәрбие беруге бағытталған тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов қатысып, жасөспірімдермен ашық форматта сұхбат құрды.

Кездесу барысында тәжірибелі басшы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталып, жасөспірімдердің қылмыстық ортаға тартылу қаупі мен оның салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Ол жастарға өмірлік дұрыс таңдау жасаудың маңызын атап өтіп, заңға құрмет пен тәртіпке бағыну – жарқын болашақтың негізі екенін жеткізді.

— Заң мен қоғамдық тәртіпті сақтау – бұл жай ғана міндет емес, бұл – қуатты әрі тұрақты мемлекеттің берік іргетасы. Әрқайсыңыз жеке жауапкершілік пен саналы таңдау арқылы қоғам қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қоса аласыздар, – деді Жасұлан Байкенов.

Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруінің қауіптілігі, сондай-ақ мектеп ортасындағы буллинг мәселесі кеңінен талқыланды. Полиция өкілі кез келген қысым мен агрессия көріністеріне жол берілмейтінін атап өтіп, қиын жағдай туындаған кезде міндетті түрде ата-аналарға, ұстаздарға немесе полиция қызметкерлеріне жүгіну қажеттігін ескертті.

Іс-шара соңында оқушылар қонаққа өздерінің дайындық деңгейін көрсетіп, оқу-жаттығу автоматтарын бөлшектеу және жинақтау дағдыларын таныстырды. Жастардың белсенділігі, тәртіптілігі мен қызығушылығы олардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және заңға құрмет сияқты маңызды қасиеттердің қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру