Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі жедел уәкілдің рөлі
Жедел уәкілдер көзге көп түсе бермегенімен, өз жұмысын тиімді атқарады. Олардың күрделі әрі қауіпті қызметі ерекше дағды мен іске адалдықты талап етеді. Осындай жоғары кәсіби құзіретке ие полицейлердің бірі — Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Дәулет Сериков жайлы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыз.
Дәулет Сериковтың жедел уәкіл ретінде еңбек өтілі тоғыз жылды құрайды.
— Мен қарапайым отбасынан шықтым. Анам — педагог, әкем — зауытта шебер-механик. Әкем менің батыл, еңбекқор болып өсуімді, ештеңеден қорықпай, өзім мен өзгелерді қорғай алатын азамат болуымды қалады. Анам да оны қолдап, мені қатаң тәртіппен тәрбиеледі, әрдайым жауапты болуымды айтып отыратын. Бұл қасиеттер қызметімде көп көмегін тигізді, — дейді жас жедел уәкіл.
Қызмет барысында полиция қызметкеріне күдіктілерді ұстау кезінде өміріне қауіп төнген жағдайлар аз болмаған. Ауыр қылмыс жасайтындар, мысалы кісі өлтіру мен зорлау фактілеріне барған тұлғалар — аса батыл әрі қиын қолға түсетін адамдар.
Олардан не күтетінді білмейсің. Қарумен шабуыл жасап, ұстау кезінде қарсылық көрсетуі мүмкін. Дәулет өзінің алғаш рет кісі өлтірген күдіктіні ұстау тәжірибесі жайлы бөлісті.
— Қылмыскер аулада жәбірленушіні атыс қаруымен атып кеткен. 2019 жылдың жазы еді, біз оның үйінің жанында тосқауылда отырдық. Ұстаған кезде үлкен жауапкершілік сезімін бастан кешірдім. Сот оған 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деді ол.
— Біздің ұжым — кәсіби мамандардан құралған. Қызметіміз ұйымшылдыққа, өзара көмекке және жедел әрекет етуге негізделген. Өйткені бұл қызмет үлкен жанкештілікті талап етеді, уақыт пен күштің басым бөлігін алады, тәуекелі мен жауапкершілігі жоғары. Біз ел мен азаматтардың қауіпсіздігіне, әріптестеріміздің және өз өмірімізге, ведомствоның беделі мен мемлекеттің абыройына жауаптымыз, — дейді Дәулет Сериков.
Өзінің тәлімгері ретінде полиция полковнигі, зейнеткер Дүйсенов Жұмабек Жайлаубайұлын атайды. Оның білімі мен тәжірибесін барынша пайдалануға тырысқан. Жедел уәкілдің өмірінде күйзелісті жағдайлар аз емес, оларды еңсере білу қажет. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жоғары күйзеліске төзімділікпен бірге тамаша дене дайындығына да ие болуы тиіс.
Спорт — кез келген полицейдің өмірінің ажырамас бөлігі. Жақсы физикалық форма бұл мамандықта аса маңызды. Дәулет бала кезінен бокспен және қазақ күреспен айналысады. Бокс бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Николай Лаврентьевич Тюменевті ерекше құрметпен еске алады.
Ол республикалық және өңірлік деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысып тұрады. Мұндай спорт түрлері полицейдің күшін, төзімділігін, үйлесімділігін және өзін-өзі қорғау дағдыларын дамытып, қызмет тиімділігі мен жұмыс қауіпсіздігін арттырады.
Еңбегі үшін Дәулет Сериков ІІМ мен полиция департаменті басшылығы тарапынан бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған.
Алайда оның ең басты марапаты — отбасы. Қызметтен кейін майор Сериков туған шаңырағына асығады. Үйінде жұбайы Индира мен 5 жастағы ұлы Далиль күтіп отырады. Бос уақыттарын бірге өткізіп, көбіне отбасылық серуендерді ұнатады.
— Біз қоғам игілігі үшін, Отанымыздың тыныштығы үшін қызмет етеміз. Азаматтардың бейбіт өмірін қорғап, қылмыстарды ашамыз, қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесеміз. Біз үшін ең үлкен марапат — қылмысты жоя отырып, елге пайдамыздың тиіп жатқанын білу, — дейді Дәулет Сериков.
