Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті
Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейд өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қарағанды облысының полиция департаменті көліктік бақылау инспекциясымен және мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, өңір аумағында ауқымды рейдтік тексерулер жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жолаушылар және жүк тасымалы саласындағы қауіпсіздікті күшейту. Нысаналы рейдтер барысында тасымалдау қағидаларын бұзу деректерін анықтауға, рұқсат құжаттарының толықтығын тексеруге, сондай-ақ міндетті салық төлемдерінен жалтару фактілерін әшкерелеуге баса назар аударылды.
– Жедел-профилактикалық іс -шара басталғалы бері патрульдік полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1033 дерегін тіркеді. Атап айтқанда, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 26 фактісі анықталды. Сондай-ақ жолаушылар мен қол жүгін тасымалдау қағидаларын бұзудың 228 жағдайы тіркелді, бұл жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей қауіп төндіреді. Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзудың 6 дерегі анықталды, бұл жолдағы ахуалға кері әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланудың 2 жағдайы және рұқсатсыз қайта жабдықталған, қауіпті болуы ықтимал 43 көлік құралы анықталды. Сонымен қатар, 13 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін жауапкершілікке тартылды, 3 жүргізуші міндетті техникалық байқаудан өтпеген. Техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға жіберудің 3 дерегі және көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамды көлік басқаруға жіберудің 1 фактісі тіркелді, – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Бұдан бөлек, мамандар "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдерімен бірлесіп, жол инфрақұрылымының жай-күйіне кешенді тексеру жүргізді. Жол жабындысы, жол белгілері, таңбалар және қозғалысты реттейтін техникалық құралдардың жағдайы мұқият зерделенді.
Қысқы кезеңде жолдарды тиісті деңгейде күтіп-ұстамаудың екі дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жүйелі түрде арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту, сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан көлік тасымалы саласында қатаң тәртіпті орнықтырып, оны тұрақты түрде қамтамасыз ету, – деп қорытындылады Жасқайрат Қайыров.
