Жасөспірімдердің құқығын қорғауға үлес қосып жүрген ювеналды полиция инспекторы
Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарып жүрген әйелдер қауымы – табандылық пен төзімнің, парасат пен кәсібиліктің жарқын үлгісі. Солардың бірі полиция қызметкері Мадина Сатанова. Оның жанқияр еңбегі мен жоғары жауапкершілігі әріптестері мен тұрғындар арасында зор құрметке ие, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мадина Сұңғатқызы Ақмола облысының Степногорск қаласында дүниеге келген. Заң саласындағы еңбек жолына нық қадам жасау үшін сапалы білім алуды мақсат етті.
Ол С.Сейфуллин атындағы көпсалалы қазақ мектеп-лицейін аяқтап, білімін Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жалғастырды. 2019 жылы табандылығы мен үздік үлгерімінің нәтижесінде оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, полиция лейтенанты атағына ие болды.
Еңбек жолын Степногорск қаласының пробация қызметінде бастаған жас маман алғашқы күннен-ақ жауапкершілігімен көзге түсті. Тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін арттыра жүріп, құқық қорғау саласының қыр-сырын терең меңгерді.
2023 жылдың тамыз айынан бастап Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобында қызмет атқаруда. Бұл бағыттағы басты міндеті – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Ювеналды полиция инспекторы үшін бұл қызмет – жай ғана лауазым емес, үлкен жауапкершілік пен сенім жүгін арқалаған маңызды миссия. Ол әр баланың тағдырына бейжай қарамай, олардың болашағы жарқын болуы үшін бар күш-жігерін салады. Балалардың қауіпсіз ортада өсіп, дұрыс бағыт алуына ықпал ету – оның күнделікті жұмысының өзегі.
Мұның айқын дәлелі – тәуекел тобына жататын жасөспірім қызға қатысты жағдай. Сабақтан жиі қалатын, бақылаусыз өмір салтына бейімделе бастаған жасөспірімнің болашағы қыл үстінде тұрған еді. Мадина Сұңғатқызы дер кезінде тиісті мекемелермен бірлесіп, кешенді профилактикалық шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде 2025 жылы жасөспірім Алматы қаласындағы мамандандырылған білім беру ұйымына орналастырылды. Жаңа ортада ол өмірге деген көзқарасын өзгертіп, білім алудың маңызын түсініп, теріс әсерлерден алшақтады. Қазіргі таңда ол оң өзгерістерге қадам басып, заңға құрметпен қарайтын тұлға болып қалыптасуға талпынып келеді.
Мадина Сатанованың кәсібилігі, іскерлігі мен принципшілдігі басшылық тарапынан да, тұрғындар тарапынан да жоғары бағалануда. Жуырда инспектордың атына ата-аналардың бірінен алғыс хат келіп түсті. Онда іс жүргізуді сауатты ұйымдастырып, кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуына ықпал еткені үшін ризашылық білдірілген. Бұл – оның адал еңбегі мен мінсіз қызметінің айқын көрсеткіші.
Осындай білікті де жанашыр мамандардың арқасында қоғамда заң мен тәртіп салтанат құрып, өскелең ұрпақтың болашағына сенім арта түсеміз.
