Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда киберқылмысты тергеу мен цифрлық активтерді бақылаудың заманауи әдістері талқыланды

Павлодарда киберқылмысты тергеу мен цифрлық активтерді бақылаудың заманауи әдістері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облыстық полиция ведомствосының базасында интернет-алаяқтықтарды тергеу және цифрлық активтерді қадағалаудың заманауи құралдарын енгізу мәселелері қаралған ведомствоаралық жұмыс семинары өтті. Кездесу бейнеконференция форматында ұйымдастырылып, оған киберполиция қызметкерлері мен сарапшылар қатысты.

Жиынды ашқан Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың айтуынша, кездесудің мақсаты – киберқылмысты тіркеу сәтінен бастап жәбірленушілерге келтірілген қаражатты нақты қайтаруға және қылмыскерлердің криптоәмияндарын бұғаттауға дейінгі бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу.

Семинар барысында Антифрод-орталықтың тиімділігі, екінші деңгейлі банктердің әрекет ету алгоритмдері талқыланды. Дропперлердің шоттарын бұғаттау мерзімдерін қысқарту және ұрланған қаражатты қайтару рәсімдерін жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударылды. Тергеушілердің жұмысын жеделдету мақсатында жүйеде баламалы верификация тәсілдерін енгізу ұсынылды.

Цифрлық инновациялар аясында әзірлеушілер "криптоіздерді" қадағалау жүйесінің жобасын таныстырды. Аталған құрал тергеу барысында транзиттік операцияларды нақты уақыт режимінде талдауға және терең қаржылық аналитика арқылы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, басты міндет – қылмыскерлерден техникалық тұрғыда озық болу. Жаңа алгоритм банктердің, криптобиржалардың және тергеу бөлімшелерінің жұмысын өзара байланыстырады. Қылмысты тіркеумен қатар, қаражаттың "цифрлық эфирге" кетуіне жол бермеу үшін шоттарға жедел шектеу қою маңызды.

Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық әрекет ету мерзімдері бекітіліп, жауапты тұлғалар айқындалды. Алдағы жұмыста алаяқтарға өз карталарын ұсынған тұлғалардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 232-1-бабы бойынша құқықтық баға беруге, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде азаматтарға келтірілген залалды өтеу үлесін арттыруға ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру