Қызылордада полицейлер заңсыз айналымнан алынған қаруды жою акциясын өткізді
Қызылордада полицейлер заңсыз айналымнан алынған қаруды жою акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада полицейлер азаматтардан тәркіленген, ерікті түрде тапсырылған, тауып алынған қару-жарақ, оқ-дәрі және суық қаруларды заңсыз айналымнан шығару мақсатында қаруды жою науқанын өткізді.
Аталған іс-шара аясында арнайы техникалық комиссия құрылып, оның құрамына Қызылорда облысы полиция департаменті тиісті сала қызметкерлері енгізілді.
Тәркіленген, тауып алынған, сондай-ақ қаруды ерікті тапсыру акциясы барысында барлығы 215 бірлік қару қабылданды. Оның ішінде: 2 ойық ұңғылы қару, 200 тегіс ұңғылы қару, 2 шолақ мылтық, 11 газды-травматикалық қару.
Жойылуға жататын қаруларға алдын ала жарамсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 215 бірлік қару ҚР ІІМ Әскери және арнайы жабдықтау базасы мемлекеттік мекемесіне белгіленген тәртіпке сәйкес жою үшін жолданатын болады.
Аталған шаралар өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заңсыз қару айналымының алдын алуға бағытталған.
