Қарағандыда погон таққан арулар спорт додасында шеберлік пен жігердің жарқын үлгісін көрсетті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының спорт залында ерекше рухқа толы әсерлі сайыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл күні иықтарына погон таққан нәзік жандылар тек сұлулық пен сымбаттың ғана емес, күш пен қайсарлықтың, кәсіби шеберлік пен табандылықтың да жарқын үлгісін көрсетті.
Жарысқа 24 қатысушыдан құралған 8 команда қатысып, үш бағыт бойынша өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Макаров тапаншасынан ату, үстел теннисі және кроссфит бойынша өткен сайыстар әр кезеңде тартыс пен эмоцияға толы болып, көрермендерге нағыз спорттық бәсекенің көрінісін сыйлады.

Үстел теннисі сайысында шапшаңдық пен дәлдік басты рөл атқарды. Абай аудандық полиция басқармасының қызметкері Анара Айтуова жылдам қимылы мен ұтымды тактикасының арқасында ерекшеленсе, Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің өкілі Нұрай Арыкбекова салқынқанды сабырын сақтап, қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетті. Ал облыстық полиция департаментінің намысын қорғаған Анара Аринова сенімді ойынымен жүлделі орыннан көрінді.
Кроссфит сайысы қатысушылардың физикалық дайындығы мен төзімділігін айқындады. Бұл кезеңде облыстық полиция департаментінің қызметкері Гүлдана Салихова қарсыластарынан озық шығып, алтын жүлдені жеңіп алды. Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің өкілі Әйгерім Асан күміс жүлдеге ие болса, Киров полиция бөлімінің қызметкері Ирина Гайворонская қола жүлдені қанжығасына байлады.

Ең әсерлі әрі тартысты кезеңдердің бірі – Макаров тапаншасынан екі қашықтық бойынша өткен ату сайысы болды. Бұл сыннан мергендігімен көзге түскен Гүлжахан Сапарова, Татьяна Акимова, Назым Төлеубаева, Маржан Қожахметова және Юлия Ускова жоғары нәтижелерімен көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Командалық есепте ұйымшылдық пен өзара қолдау шешуші мәнге ие болды. Қорытынды нәтижеге сәйкес, Қазыбек би атындағы полиция бөлімі жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Абай аудандық полиция басқармасы иеленсе, үшінші орын облыстық полиция департаментіне бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер "Динамо" қоғамы атынан грамоталармен, кубоктармен және медальдармен салтанатты түрде марапатталды.
Бұл спорттық сайыс – қызметте кәсібилікті, өмірде белсенді ұстанымды серік еткен полиция қызметкерлерінің жарқын бейнесін айқындаған тағылымды шара болды. Погон таққан арулар нәзіктік пен батылдықтың, сұлулық пен күштің үйлесімін іс жүзінде дәлелдеп, әріптестеріне де, жас буынға да үлгі көрсетті.
