Атырауда жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында кездесу өтті
Атырауда жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыру және қауіпсіз орта құру.
Осы бағытта Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Ешманов №47 жалпы білім беретін орта мектебінде “Жас сақшы” полиция сыныбы және мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Еркін форматта өткен жиында жасөспірімдерге ең алдымен отбасының рөлі, ата-анаға құрмет, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу секілді ұлттық тәрбиенің негіздері кеңінен айтылды.
Кездесу барысында тәртіптің тек мектеп қабырғасында емес, өмірдің барлық кезеңінде маңызды екені айтылды. Антқа адал болу, уәдеге беріктік, өз ісіне жауапкершілікпен қарау – болашақта қандай мамандық иесі атанса да, әр азамат үшін басты қағида екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, елге қызмет ету ұғымының тек форма киюмен шектелмейтіні, ең алдымен адамдық қасиет пен адалдықтан басталатыны түсіндірілді.
Департамент бастығының орынбасары Руслан Ешманов жастарға сенім артатынын білдіріп, әрбір жасөспірім өз отбасының ғана емес, тұтас қоғамның айнасы екенін жеткізді. Оның айтуынша, тәрбиелі, тәртіпті әрі рухани құндылықтарды жоғары қоятын ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі.
