Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде дрон арқылы патрульдеу жолдағы тәртіпті күшейтті

Ақтөбеде дрон арқылы патрульдеу жолдағы тәртіпті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалыс күндері Ақтөбе қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны бақылау жұмыстарын күшейтіп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) қолданды. Заманауи технологиялар қозғалыс қарқыны жоғары және көріну мүмкіндігі шектеулі жол учаскелерінде құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.

Дрондардың көмегімен демалыс күндері 16 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, 4 жүргізуші көлік құралын басқару құқығы болмаған немесе басқару құқығынан айырылған күйде рульге отырған. Сонымен қатар 4 жүргізушінің масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Бұдан бөлек, 8 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермей, жол қозғалысы ережелерін бұзған.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану құқық бұзушылықтарды объективті түрде тіркеуге және алынған мәліметтерді патрульдік экипаждарға жедел жолдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушыларды дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдануға жағдай жасайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға және жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге оң ықпал етеді.дрон

Полиция қызметкерлері қала жолдарындағы бақылау тек жердегі патрульдермен ғана емес, әуе кеңістігі арқылы да жүргізілетінін ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір азаматтың заң алдындағы міндеті және ортақ қауіпсіздіктің басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру