Жетісу облысында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
Жетісу облысында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараға полиция қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері тартылды.
Негізгі назар құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударылды.
Екі күннің ішінде құқық бұзушылық жасаған 140 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Үш жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Барлығы 163 құқық бұзушылық тіркелді.
Оның ішінде ата-аналардың немесе заңды өкілдердің бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаудың 16 дерегі, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде жүрген 126 жасөспірім анықталды.
Сондай-ақ алкогольдік және темекі өнімдерін сату, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуы бойынша заң бұзушылықтар тіркелді.
Бұл деректер — жай ғана статистика емес. Әрбір көрсеткіштің артында бала тағдыры мен ересектердің жауапкершілігі тұр. Сондықтан негізгі басымдық алдын алу шараларына берілуде.
– Профилактика — жасөспірімді қателіктен дер кезінде қорғаудың мүмкіндігі. Біздің басты міндетіміз — кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқық бұзушылыққа қатысушы немесе құрбаны болуына жол бермеу, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Аталған бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, себебі жастардың қауіпсіздігі — тұрақты әрі өркениетті қоғамның негізі.
