Алматыда полицейлер шахмат турнирінде бақ сынады
Алматыда полицейлер шахмат турнирінде бақ сынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде "Senat Open – 2026" республикалық зияткерлік жобасы аясында іріктеу шахмат турнирі өтті. Аталған жоба Қазақстан шахмат федерациясы мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Жарыс құқық қорғау және күштік құрылым өкілдері арасында өткізіліп, республикалық турнирдің 1/8 финал кезеңі болып табылды.
Зияткерлік додаға Алматы қаласының құқық қорғау және күштік ведомстволарының 150 қызметкері қатысып, жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және шектеулі уақыт жағдайында тиімді шешім қабылдай білу шеберлігін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің сегіз қызметкері үздік нәтиже көрсетіп, республикалық турнирдің келесі кезеңі – ширек финалға (1/4 финал) жолдама алды.
Жеңімпаздар дипломдармен, ақшалай сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Алматы қалалық полиция департаменті арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Абсадық мұндай зияткерлік жарыстарға қатысу қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға тікелей ықпал ететінін атап өтті.
- Шахмат стратегиялық ойлау қабілетін қалыптастырып, жағдайдың даму барысын болжай білуге және салмақты шешім қабылдауға үйретеді. Бұл қасиеттер полиция қызметкерінің күнделікті жұмысында аса маңызды. Осындай турнирлерге қатысу зияткерлік әлеуетті арттырып қана қоймай, жеке құрамның кәсіби бірлігін нығайтады, – деді ПД арнайы және кәсіби дайындық басқармасының бастығы Ерлан Абсадық.
Турнир жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды
Енді жеңімпаздар Алматы қаласының намысын "Senat Open - 2026" республикалық жобасының келесі кезеңінде қорғайтын болады.
