Жетісу облысында криминалистердің кәсіби мерекесі атап өтілді
Жетісу облысында криминалистердің кәсіби мерекесі атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазақстан Республикасының криминалистика қызметіне 107 жыл толды. Бұл — елдің бүкіл құқық қорғау жүйесі үшін аса маңызды тарихи кезең.
Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы сала мамандары қылмысқа қарсы күрестің алғы шебінде қызмет етіп, заң мен әділеттің салтанат құруына өз үлестерін қосып келеді.
Мерейтойға орай Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев пен Жедел-криминалистикалық қызмет басқармасының ұжымы қызмет атқарып жүрген мамандар мен сала ардагерлерін құттықтап, олардың кәсібіне деген адалдығы мен жоғары кәсібилігі үшін алғыс білдірді.
Криминалистика — бұл тек ғылым ғана емес, сонымен қатар төзімділікті, дәлдікті және жанқиярлықты талап ететін күнделікті тынымсыз еңбек.
– Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен табандылықтарыңыз — қоғам қауіпсіздігінің кепілі. Әрбір істе ақиқатты анықтап, заңның салтанат құруына үлес қосып келесіздер, — деп атап өтті Руслан Чарапиев.
Сондай-ақ ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың мол тәжірибесі, даналығы және жас буынға көрсеткен өнегесі үшін алғыс айтылды. Оларға мықты денсаулық, бақ-береке және бейбіт зейнеткерлік ғұмыр тілектестік білдірілді.
107 жыл — бұл үлкен белес. Қазақстан Республикасының криминалистика қызметі алдағы уақытта да дамып, қалыптасқан дәстүрлерді нығайта отырып, құқықтық тәртіптің сенімді тірегі болып қала берсін.
