Жезқазғанда саяжайдағы ұрлық заманауи бейнебақылау жүйесі арқылы анықталды
Жезқазғанда саяжай аумағында жасалған ұрлық заманауи бейнебақылау жүйесінің көмегімен жедел ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта белгісіз тұлғалар жеке үйдің ауласына заңсыз кіріп, бейнебақылау камерасын сындырып, өздерімен бірге алып кеткен. Осылайша қылмыс ізін жоймақ болған.
Алайда күдіктілер қателесті: камерадағы жазба электронды деректерді сақтау жүйесінде автоматты түрде сақталып қалған. Құрылғы бүлінгенімен, бейнематериалдарды полиция анықтап, күдіктілерді ұстауға мүмкіндік берді.
Жәбірленушінің арызы негізінде криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, бейнежазбаларды зерделеу барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Көп ұзамай 20 жастағы екі тұрғын ұсталды. Олар жасаған істерін толық мойындады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
