Атырауда "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларына арналған танымдық іс-шара өтті
Атырауда "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларына арналған танымдық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінде "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларына арналған танымдық іс-шара ұйымдастырылды. 30-дан астам жас қатысушы полиция қызметінің қыр-сырымен танысты.
Іс-шара барысында арнайы жасақ қызметкерлері тактикалық жаттығуларын көрсетіп, арнайы құрал-жабдықтарды қолдану тәсілдерін түсіндірді. Жауынгерлік дайындық көріністері оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың полиция мамандығына деген құрметін арттыра түсті.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қызмет барысында кездесетін қиындықтар мен жауапкершілік жүгін ашық айтып, тәртіп сақшысы болу – үлкен сенім мен табандылықты талап ететін мамандық екенін жеткізді.

Кездесу барысында спорттық және қызметтік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғаған чемпион қызметкерлердің жетістіктері де таныстырылды. Бұл жасөспірімдерге нақты үлгі болып, биік мақсаттарға ұмтылуға жігер берді.
Іс-шараның басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін арттыру және тәртіп пен еңбектің арқасында кез келген белесті бағындыруға болатынын көрсету.
