Қауіпсіздіктің жаңа үлгісі: алдын алу – басты назарда
2 наурызынан бастап Қазақстан Республикасында “Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы” Заң күшіне енді. Құжаттың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды жасалуына дейін болдырмау және азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, жаңа заң превентивті жұмыс моделін күшейтеді.
— Заңның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіптің алдын кесу және барлық азаматтар үшін қауіпсіз орта құру. Бұл – әрбір субъект өз жауапкершілік аймағын нақты білетін жүйелі профилактикаға көшу, — деді ол.
Спикердің сөзінше, енді алдын алу жұмысы кешенді түрде жүзеге асырылады. Оған ішкі істер органдарымен қатар отбасыны қолдау орталықтары, медициналық мекемелер, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары және өзге де құрылымдар тартылған.
— Заң үйлестіру мен ақпарат алмасу тетіктерін нақты айқындайды. Біз профилактика мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндетіне айналатын біртұтас жүйе қалыптастырып жатырмыз, — деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.
Құжат жеке профилактика құралдарын кеңейтеді, жасөспірімдермен және құқық бұзушылықты қайталауға бейім тұлғалармен жұмысты күшейтеді. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне азаматтардың белсенді қатысуын көздейді.
Спикердің айтуынша, бұл жүйеде полиция негізгі буын болып қала береді.
— Біздің міндет – құқық бұзушылықты анықтау мен жолын кесу ғана емес, ең алдымен оның алдын алу, тәуекелдерге дер кезінде әрекет ету және азаматтарға көмек көрсету. Жаңа заң профилактика мен әркімнің жауапкершілігіне басымдық береді, — деп түйіндеді Тимур Ноғайбаев.
