Ел тыныштығы жолындағы елеулі қызмет: Ұлжан Кабылдинаның еңбек жолы
Қоғам қауіпсіздігі – үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті иығына артып, күрделі де қауіпті салада табандылықпен қызмет етіп жүрген әйел азаматтар – ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің екінші басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция полковнигі Ұлжан Кабылдина жайлы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыз.
Құқық қорғау саласы көп жағдайда батылдық пен қатаң тәртіпті талап етеді. Алайда бұл мамандықта нәзіктік пен парасаттылық та айрықша рөл атқарады. Ұлжан Кабылдина қызмет жолында кәсібилік пен адамгершілікті қатар ұстанып келеді. Оның жұмыс күні – жедел тапсырмалар, жауапты шешімдер мен тәуекелге толы. Дегенмен, осының барлығында ол сабырлы болмысы мен ішкі мәдениетін жоғалтпайды.
– Мен үшін кәсібилік жынысқа байланысты емес. Нәтиже – ең мықты жауап. Жауапкершілік, табандылық, білім мен тәртіп болса, кез келген салада жетістікке жетуге болады. Әйелдің төзімі мен ұқыптылығы бұл жұмыста керісінше артықшылық деп есептеймін,– дейді Ұлжан Кабылдина.
Есірткі қылмысына қарсы күрес – жай ғана құқық бұзушылықпен жұмыс емес, бұл – ұлт болашағын қорғау. Қазіргі дамыған заманда тәуелдікке әкелетін зиян заттардывң таралуы айтарлықтай тез. Жастарды қауіпті жолдан сақтап қалу, заңсыз айналымның алдын алу, қоғамға қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесу – күнделікті еңбектің нәтижесі. Осындай күрделі бағытта табанды қызмет ету – үлкен ерік-жігердің белгісі.
– Қазір психотроптық заттарды өткізу азайып, интернет пен мессенджерлер арқылы жасырын тарату белең алды. Әсіресе жасырын қойып кету, криптовалюта арқылы есеп айырысу, жалған аккаунттар пайдалану жиі кездеседі. Сондықтан біз де цифрлық бақылау, кибербарлау, онлайн мониторинг бағыттарын күшейтіп келеміз. Жастар – біздің басты назарымызда. Есірткі қылмысының алдын алу бағытында көптеген жоба өткізудеміз. Басты мақсат – жастарды қорқыту емес, саналы таңдау жасауға үйрету. Біз жасөспірімге "жаза бар" деп емес, "болашағың бар" деп үн қатуымыз керек. Мұндай жағдайға душар боп қалған жастарды, жасөспірімдерді көргенде, ана ретінде жүрегім сыздап кетеді, – дейді полицей.
Ұлжан ханым тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар отбасы құндылықтарын жоғары қоятын жан. Қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау – кез келген әйел үшін үлкен өнер. Оның өмірлік ұстанымы – қай салада жүрсең де, ең алдымен адам болып қалу.

– Қызметте – тәртіп пен жауапкершілік, үйде – мейірім мен жылулық. Шекараны сақтай білу маңызды. Үйге жұмыстың ауырлығын емес, жүрек жылуын алып баруға тырысамын. Аса жауапты қызмет болған соң отбасымның қолдауы маңызды. Ең үлкен тірегім – отбасым. Олар мені лауазымым үшін емес, адам ретінде бағалайды. Үйдегі сенім мен түсіністік болмаса, қызметте табысқа жету қиын, – деді Ұлжан ханым.
Айта кету керек, Ұлжан Кабылдинаның отбасы да құқық қорғау саласының қызметкерлерлері.
Оның жұбайы мен ұлы да ішкі істер органдарында қызмет етеді.
Жұбайы Серік Сағантайұлы – ІІО ардагері. Астана қаласы ПД-да қызмет атқарып 2025 жылы құрметті демалысына шықты.
Ал ұлы Сағи Серікұлы – ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясың түлегі. 2022 жылдан бері Астана қаласы полиция департаментінде өз жұмысын атқарып жатыр.
Сондықтан қоғам қауіпсіздігі, жастар тәрбиесі және зиянды әдеттердің алдын алу мәселесі оның өмірлік ұстанымымен ғана емес, отбасылық құндылықтарымен де тығыз байланысты.

Қызметтің жауапкершілігі қаншалықты жоғары болса да, жақындарының қолдауы оған әрқашан күш береді. Әсіресе бір саланың мамандары болғандықтан, отбасы мүшелері бір-бірін жақсы түсінеді. Бұл өзара сыйластық пен сенім олардың өмірінде ерекше орын алады.
Кейіпкеріміз қызмет жолында кездескен қиын сәттерді жасырмайды. Есірткі қылмысына қарсы күрес тек кәсіби шеберлікті ғана емес, мықты жүйке мен төзімділікті де талап етеді. Кейбір істерде тағдырлары қиын жастар, алаңдаған ата-аналар, күтпеген жағдайлар кездеседі. Осындай сәттерде эмоцияға берілмей, заң аясында нақты шешім қабылдау – басты міндет. Дегенмен, әрбір қиындық оны шыңдап, қызметіне деген жауапкершілігін одан сайын арттырған.
– Қиын сәттерде маған ең алдымен парыз сезімі көмектеседі. Біз қоғам қауіпсіздігі үшін ант берген адамдармыз. Ішкі ұраным: "Әділдік жолында – берілуге болмайды". Әр қиындық – тәжірибе, әр сынақ – шыңдалу. Берілмей, алға жылжуға мені ең алдымен мақсатым мен сенімім шабыттандырады. Қызметімнің қоғамға, жастарға тигізер пайдасын ойлау – ең үлкен күш. Сондай-ақ әріптестерімнің қолдауы мен отбасының сенімі маған шыдамдылық пен табандылық береді,– деп атап өтті полиция қызметкері.
Ұлжан ханым әр сөзінде, әр адамның өз өмірі мен денсаулығына жауапты қарауы – басты қағида екенін атап өтті. Ол қоғамда бірігіп әрекет ету маңызды екенін, әсіресе балалармен ашық сөйлесу мен оларды тыңдаудың маңызын еске салды.
Әр адам өз денсаулығы мен өмірін бағалауы керек. Есірткі – бір сәттік қызығушылық, бірақ оның салдары – ұзақ өкініш. Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіздер, оларды тыңдаңыздар. Қоғам болып бірігіп әрекет етсек қана бұл індетті жеңе аламыз, – деп түйіндеді офицер.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мұндай тұлғалардың еңбегі ерекше аталып өтуі тиіс. Себебі олар қоғамдағы әйелдің рөлін жаңа қырынан көрсетіп келеді. Нәзіктік – әлсіздік емес, керісінше ішкі күштің көрінісі екенін дәлелдеп жүр.
Ұлжан Кабылдина сынды азаматтар бүгінгі қазақ қыздарына үлгі. Арманнан қорықпау, қиындықтан тайсалмау, өз ісіне адал болу – табыстың басты кепілі. Қайсар мінез бен мейірімді жүрек қатар жүргенде ғана нағыз көшбасшы қалыптасады.
