Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен қоғамдық тәртіпті тербеткен батыр ана

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ішкі істер органдарында абыроймен еңбек етіп келе жатқан ару жандар жайлы айту – үлкен құрмет. Солардың бірі – көпбалалы ана Мадина Абиева туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Маңғыстау облысының полиция қатарында бүгінгі күні 243 әйел-полицей қызмет атқарады. Олар ел тыныштығын сақтап, заң мен тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген батыл әрі жауапты мамандар. Әйел заты нәзік жанды болғанымен, олардың бойындағы қайсарлық, табандылық пен әділдік қасиеттері полиция қызметінде ерекше көрінеді.

Әйел-полицейлер күнделікті қызмет барысында түрлі қиындықтарға тап болады. Соған қарамастан олар өз міндетін абыроймен атқарып, халыққа адал қызмет етеді. Бірі тергеуші болса, бірі учаскелік инспектор, енді бірі жедел қызметте еңбек етуде. Олар тек заң сақшысы ғана емес, сонымен бірге ана, жар, отбасының ұйытқысы. Осындай жауапты қызмет пен отбасылық міндетті қатар алып жүру – үлкен ерлік пен төзімділікті талап етеді.

Мадина Мұхамбетқызы қызмет жолын 2004 жылдың қаңтар айында бастаған. Ол еңбек жолын Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы құрамында, жол-патрульдік ротасының қатардағы полицейі ретінде бастады.

Қазіргі таңда ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады. Күн сайын түрлі тағдырларға куә болып, қиын жағдайға тап болған отбасылармен тығыз жұмыс жүргізеді.

Бүгінде ол – жеті баланың аяулы анасы, "Алтын алқа" иегері. Ана ретінде балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөле отырып, қоғам алдындағы жауапты міндетін де абыроймен атқарып келеді. Бір қолымен — бесікті, бір қолымен — қоғамдық тәртіпті қатар ұстап жүрген жан.

- Сіздерді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілейміз. Жүздеріңізден күлкі кетпей, жүректеріңіз мейірімге толы болсын. Еліміздің тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалана берсін , - дейді Мадина Абиева.

Маңғыстаулық әйел-полицейлер өздерінің кәсібилігімен, адамгершілігімен және батылдығымен әрдайым үлгі болып келеді. Олар қоғамда тәртіптің сақталуына, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне зор үлес қосуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру