Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда автобуста ұйықтап қалған 10 жасар баланы полицей үйіне жеткізді

Павлодарда автобуста ұйықтап қалған 10 жасар баланы полицей үйіне жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына қала тұрғынынан ювеналды полицияның аға инспекторы Қайыргүл Ибраеваға алғыс хат келіп түсті.

Оқиға мектептен үйіне қайтып келе жатқан 10 жастағы баланың автобуста ұйықтап қалуынан басталған. Ол өз аялдамасынан өтіп кетіп, автобустың соңғы аялдамасынан бір-ақ шыққан. Көліктен түскен соң үйіне өз бетінше жетуге тырысқанымен, қараңғылықтан бағдарын таба алмай, қорқып жылап жіберген.

Осы кезде аялдамаға келген полиция инспекторы баланы байқап, сабырға шақырған. Кейін анасына хабарласып, оқушыны аман-есен үйіне жеткізіп салған.

Баланың анасы алғыс хатында полицейдің қамқорлығы мен жанашырлығына ризашылығын білдірген.

- Осындай жанашырлығы мен қамқорлығы үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қызметкердің бұл әрекеті азаматтық жауапкершіліктің, өзара көмектің және адамгершіліктің сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табуының үлгісі. Полиция қызметкерлеріне амандық, қызметте табыс және бар жақсылықты тілеймін, – деп жазған павлодарлық тұрғын.

Кейде адамгершілік пен жанашырлық үлкен істерден емес, дер кезінде көрсетілген қарапайым көмектен көрінеді. Полиция қызметкері Қайыргүл Ибраеваның қырағылығы мен жауапкершілігінің арқасында баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ата-анасының алаңдаушылығы сейілді.

Бұл – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға көмек көрсету ісінің жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру