Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

UAE SWAT Challenge: елордада жас спортшылар жеңімпаз полицейлермен кездесті

Елордада жас спортшылар жеңімпаз полицейлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада кикбоксингтен ашық чемпионатқа қатысушылар мен жасөспірімдер беделді халықаралық жарыс — UAE SWAT Challenge жеңімпаздары атанған жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен кездесті.

Айнагүл Байжігітова, Мөлдір Атанай және Елдос Сартай жас спортшылармен кәсіби қалыптасу жолдары туралы бөлісіп, спорттың олардың өміріндегі маңызы жайында әңгімеледі. Олар тәртіп, тұрақты жаттығу және ішкі мотивация – спортта да, қызметте де табысқа жетудің берік негізі екенін атап өтті.

Арнайы бөлім қызметкерлері үшін дене дайындысының шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Төзімділік, күш, күйзеліске төтеп беру қабілеті және командалық рух – спорт, өзін-өзі бақылау мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде жылдар бойы қалыптасады.

Кездесу еркін диалог форматында өтті. Жас спортшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, халықаралық деңгейде шеберлігін дәлелдеген мамандардан құнды кеңестер алды. Кездесу соңында қонақтар турнир қатысушыларына алған беттен қайтпай, алға қойған мақсаттарына батыл қадам жасап, әрдайым спорт пен салауатты өмір салтын таңдауға тілектестік білдірді.

Іс-шара "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын және "Астана – есірткісіз қала!" кешенді жоспарын іске асыру аясында Astana Kickboxing Federation ұйымдастырған кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы кикбоксингтен ашық қалалық чемпионат шеңберінде өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру