Қостанайда полицейлер студенттерге экстремизмге қарсы профилактикалық дәріс өткізді
Қостанайда полицейлер студенттерге экстремизмге қарсы профилактикалық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы облыс әкімдігі жанындағы діни мәселелерді зерттеу орталығы және ҰҚКД Антитеррорлық орталығымен бірлесіп, ҚИнЭУ студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында террористік сипаттағы түрлі қауіп-қатерлер туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмдері түсіндірілді. Сонымен қатар студенттерге терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін көзделген құқықтық жауапкершілік және оның алдын алу шаралары туралы айтылды.

— Антитеррористік мінез-құлықты қалыптастыру, яғни қауіп-қатерлерге дұрыс әрекет ету, күдікті адамдар мен заттарды назардан тыс қалдырмау, сондай-ақ қажет болған жағдайда көмек көрсете білу – оқу орындарындағы балалар қауіпсіздігінің маңызды шарттарының бірі. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде оқу және практикалық іс-шаралар өткізіп келеді, — деп атап өтті ПД ЭҚІҚБ қызметкері Амангелді Бапинов.

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының "Діни мәселелерді зерттеу орталығы" КММ бөлім басшысы Екатерина Балашова "Интернет кеңістігінде вербовка жасау әдістері" тақырыбында ақпарат берді. Іс-шара аясында студенттер мен оқытушыларға аталған мәселелер бойынша көрнекі бейнематериалдар көрсетілді.
