Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында кезекті ауыл ресми түрде ішімдіксіз ауыл мәртебесін алды

Абай облысында кезекті ауыл ресми түрде ішімдіксіз ауыл мәртебесін алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің Ақсуат аудандық полиция бөлімі бастамасымен Сатпаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек ауылында маңызды қоғамдық бастама жүзеге асырылды. Ауыл тұрғындарының қолдауымен Көктүбек ауылы ресми түрде "Ішімдіксіз ауыл" деп жарияланды.

Бүгінде ауылда 211 адам тұрады және бұл шешім жергілікті халықтың бірлігі мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі болып отыр. Осы бастама аясында ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында ауылдың ақсақалдары, полиция өкілдері және қоғам белсенділері өз пікірлерін білдіріп, ауылдың болашағы үшін маңызды ұсыныстар айтты. Жиынға қатысушылар алкоголь өнімдерін тұтынуды шектеу және ауыл ішінде оны таратпау жөнінде ортақ келісімге келді. Бұл бастама ең алдымен ауылдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

"Алкогольсіз ауыл" бастамасы – тек бір күндік шара емес, ол ауылдың ұзақ мерзімді дамуына, тұрғындардың денсаулығын қорғауға және жас ұрпаққа үлгілі орта қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам. Мұндай игі бастама жастардың тәрбиесіне оң әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарының бір-біріне деген құрметі мен жауапкершілігін арттыра түседі.

Аталған кездесуге Ақсуат аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділет Бауыржанов бұл бастаманың маңызына тоқталып өтті.

– "Алкогольсіз ауыл" бастамасы – қоғам қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған игі қадам. Тыныш әрі тәртіпті ауыл – елдің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Көктүбек ауылының тұрғындары бұл бастаманы қолдап, бірлік танытып отырғаны қуантады. Полиция қызметкерлері әрдайым халықпен бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға дайын. Осындай ортақ келісім арқылы біз жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастыра аламыз, – деді полиция қызметкері.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары да бұл бастаманы толық қолдайтындықтарын білдіріп, ауылдың тыныштығы мен болашағы үшін жауапкершілікті бірге атқаруға дайын екендерін айтты.

– Ауылымыздың берекесі мен бірлігі – бәріміз үшін ең басты құндылық. Алкогольсіз ауыл болу – жас ұрпақтың тәрбиесіне оң әсерін тигізіп, ауылымызда тәртіп пен тыныштықтың сақталуына мүмкіндік береді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз және ауылымыздың дамуы үшін бірлесе жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз. Қазіргі уақытта ауылымыздағы дүкенде бір-де бір ішімдік сатылмайды, – деді ауыл тұрғындары.

Көктүбек ауылдық округінің әкімі Гүлнұр Қайратқызы Ақанжанова өз сөзінде бұл бастаманың ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және ауыл ішіндегі татулық пен бірлікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай бастамалар ауыл өмірінің сапасын арттырып, қоғамдағы жауапкершілік пен өзара қолдауды күшейтеді. Көктүбек ауылының "Алкогольсіз ауыл" деп жариялануы – ауыл тұрғындарының саналы таңдауы мен ортақ келісімінің нәтижесі.

Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, келешек ұрпаққа өнегелі өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әрі үлгілі қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру