Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті

Қарағандыда 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында Қарағанды облысы полиция департаментінде көктемнің шуақты мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шынайы құттықтаулар мен ризашылыққа толы жиын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп жүрген ерлер мен әйелдерді бір арнаға тоғыстырды.

Салтанатты жиынды облыстың полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов ашты. Ол ардагерлерге, әріптестеріне және полиция қатарында еңбек етіп жүрген әйел қызметкерлерге жылы лебізін білдіріп, олардың қоғамдағы рөлі мен еңбегінің маңызын ерекше атап өтті.

— Құрметті ардагерлер, қадірлі әріптестер, аяулы арулар! Сіздерді көктемнің ең көрікті мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ізгілік пен сұлулықтың, мейірім мен парасаттың мерекесі. Полиция қатарында сіздер үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып, қызметтік міндеттерді отбасылық өмірмен үйлестіре отырып, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолында аянбай еңбек етіп келесіздер, – деді ол.

Департамент басшысы әйел қызметкерлердің түрлі қызмет бағыттарында табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті. Бүгінде олар тергеу және жедел-іздестіру саласында, учаскелік инспектор, криминалистика, көші-қон, кадр, ақпараттық саясат және өзге де қызметтерде кәсіби шеберлік танытып келеді.

— Сіздердің адал еңбектеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жоғары адамгершілік қасиеттеріңіз қоғам сенімінің берік негізі болып табылады, – деп атап өтті Негмет Исмагулов. Сондай-ақ ол ішкі істер органдарының ардагерлеріне ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін қызмет етіп, жас буынға үлгі болғандары үшін алғысын білдірді.

Салтанатты шара барысында бірқатар әйел қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін 17 қызметкер арнайы атақтармен, "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен, "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісімен, ІІМ грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар мереке құрметіне облыстық Полиция департаменті бастығының бұйрығымен әйел қызметкерлердің барлығы ақшалай сыйақымен көтермеленді. Бұл олардың кәсіби еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын белгісі болды.

Мерекелік іс-шара әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру