Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада "Сталкингті тоқтат!" акциясы аясында жастар форумы өтті

Қызылордада “Сталкингті тоқтат!” акциясы аясында “Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі” атты жастар форумы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпан айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен республика көлемінде “Сталкингті тоқтат!” акциясы жарияланды.

Аталған акция аясында Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік және профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бірлесуімен жастар арасында “Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі” тақырыбында форум ұйымдастырылды.

Форумды Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Абдраманов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шараға спикер ретінде облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Асылжан Оңдасынұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева, облыстық дін істері басқармасының теолог маманы Бахтияр Оспанов, облыстық жастар ресурстық орталығының жас маманы Әсел Балтабай және Қорқыт ата атындағы университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Салтанат Бижігітқызы қатысты.

Спикерлер форумға қатысқан жастарға құқықтық тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Форум барысында қоғамның болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, сталкингтің қауіпі, жеке шекараны құрметтеу, адамның еркін таңдау құқығы мен жеке қауіпсіздігін сақтау мәселелері көтерілді.

Қатысушылар сталкингтің адамның жеке кеңістігін бұзу, психологиялық қысым көрсету және қорқыныш тудыру секілді жағымсыз салдары бар екенін атап өтті. Сонымен қатар қыз алып қашу әрекеті кей жағдайда дәстүр ретінде түсіндірілгенімен, шын мәнінде адамның еркін таңдау құқығын шектейтін және зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде бағаланатыны айтылды.

Іс-шара барысында адам құқығы, еркін келісім және жеке қауіпсіздік кез келген қоғамның негізгі құндылықтары болуы тиіс екені атап өтілді. Сондай-ақ жастар арасында өзара құрмет, жауапкершілік және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы айтылды.

Форум қорытындысында қатысушылар өз орталарында жеке шекараны құрметтеу мәдениетін қалыптастырып, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанудың маңызын атап өтті.

Осылайша, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған форум өз мәресіне жетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру